Сезім туралы сайт
Эротикалық қиялдар маңызды. Мысалы, олар сіздің жыныстық қатынасыңызды дұрыс толқынға бейімдеуге, толықтай ашылуға не керектігін білуге көмектеседі.

ЛБКТ-ӘЙЕЛДЕР ЖӘНЕ НЕКЕ

Әйел баласы туғаннан бастап әлдеқайда қиын жағдайларда өмір сүреді. Патриархалды ұстанымдар әйел адамның болмысы мен тұрмысын қатаң бақылап келеді. Осы орайда көптеген ЛБКТ-әйелдердің хәлі одан да ауырлана түседі: бір жағынан әйел басына деген жеккөрінішке толы мизогинияға душар болса, екінші жағынан өздерінің сексуалды бағдарлығының негізінде көпдеңгейлі кемсітушілікке тап болады. Өкінішке орай, осы жайттардың негізінде, көптеген ЛБК-әйелдерге олардың болмысына, кімді сүйіп, кімге құштар болғанына қарамастан,  тұрмысқа шығып, бала тууға отбасы жағынан қысым келтіріледі.

Әдетте қоғамда әйелдің сексуалдығы туралы түсінік тек репродуктивті функциядан күйеуінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға дейін ғана барады. Яғни, әйел адамның бүкіл құндылығы, өзіндік болмысы және өмірлік мақсаты – оның жыныстық органдарына, ер адамға ләззәт әкеліп, ұрпақ әкелу қабілетіне ғана әкеліп тіреледі. Мұндай ұғым аясында, әйелдің жеке шешім қабылдап, өз өміріне өзі жауапты болуы тіпті мүмкін емес болып көрінеді. Ал өмірлік маңызды шешімдердің бірі, әрине, кіммен бас қосып, қандай қарым-қатынаста болу. Тиісінше, әйел тек зат болып саналатын патриархатпен уланған қоғамда әр түрлі жыныстық бағдар туралы сұрақ туындауы да мүмкін емес. Әйелдердің гомосексуалдылығы туралы түсінікті тіпті адам ағзасына «жын кіру» теориясына дейін апарады. Мұндай қоғамда гомосексуалдылық – «азғындық» болып саналады.

Орталық Азия елдеріндегі ЛБК-әйелдердің құқықтары жайлы жағдайды пайымдайтын зерттеулер мен баяндамалар ЛБК-әйелдердің біздің қоғамдарымызда еркін өмір сүруіне басты кедергілердің бірі – әлеуметтік қысым болып табылады. Орталық Азия қоғамдарының басты ерекшеліктерінің бірі – отбасы рөлінің үстемдігі. Бұл ерекшеліктің әлбетте жақсы жақтары көп. Дегенмен, жеке адамға сол қоғамның нормалары мен қағидаларын сақтау – мұндай қоғамда аман-есен сіңіп өмір сүрудің басты шарты, ал қандай-да бір ауытқу қатаң түрде жазаланады.

Осы дереккөздерге сай, Қазақстан және басқа да Орталық Азияның ЛБК-әйелдерінің көбі күйеуге тиіп, тұрмыс құруға мәжбүр болған жағдайлар кеңінен таралған.

Осындай сәттерде лесбиян немесе бисексуал әйелдердің некеге келісу шешімі екі түрлі себептен болуы мүмкін:

  • Біріншіден, «түзету» мақсатындағы мәжбүрлі некелер, көбінесе отбасы мүшелері әйелдің сексуалды бағдарлығы жайлы хабардар болған жағдайда я күмәнданғанда, әйелді «дұрыс жолға» салу не «емдеу» мақсатында қысыммен күйеуге береді. Бұл рәсімдерге ЛБКТ-әйелдердің бойына «жын кірген» деп мойындайтын имамдар да атсалысатын жағдайлар да аз емес.
  • Екінші себеп – «қорған үшін» неке, яғни мұның негізгі мақсаты қандай да бір тәуелсіздікке және дербестікке қол жеткізу және жыныстық бағдарын немесе гендерлік сәйкестігін ашу салдарынан қысым көрсету қаупін азайту.

Әлбетте, «түзету» мақсатындағы мәжбүрлі неке әйелді бақытсыз өмірге ғана емес, сонымен қатар жаңа отбасында жалғасатын жыныстық және көбінесе физикалық зорлық-зомбылыққа, сондай-ақ, әйелді зорлық қолданатын діни тәжірибелерге душар етеді. Егер жұбайы әйелінің жыныстық бейімділігін білген жағдайда, некедегі қорлау мен қиянат жасау жүйесі өз формаларын біршама өзгертеді. Бұл жағдай әйелді ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін: ол өз ата-анасының отбасына оралу, ұрып-соғу, жыныстық зорлық-зомбылық, балалармен кездесуге және олардың тәрбиесіне қатысуға толық тыйым салу, жүйелі зорлық көру. Осылайша, отбасы институтының ЛБК-әйелдерді қорлап, олардың құқығын жерге таптайтын құралға айнаулын байқауымызға болады.

Ал «қорған үшін» некеге тоқталсақ, оның мақсаты – жыныстық бағдар туралы күдікті жасыру және азайту. Кейбір жалған некелер «сәтті» болады, басқаша айтқанда, бұл некелер ЛБК-әйелдердің өмірін әлдеқайда қауіпсіз етеді. Әйелдермен жыныстық қатынасқа түсетін әйелдер некенің бұл нұсқасын ажырасып, отбасының қысымынан құтылып және өз өмірін жақсарту мүмкіндігі ретінде қарастырады. Соған қарамастан, бұл жағдайда да бұл «қауіпсіздік» тек жалған көрініс екеніне көз жеткізуге болады: әйел тек ер адамның қосымшасы болған жағдайда ғана, қоғамға өз құндылығын ер адамның иелігінде болуы арқылы ғана көрсетіп, алдамшы тәуелсіздікке жету мәселені шешудің орнына, одан әрі қиындата түседі.

Екі жағдайда да есте сақтайтын жайт – өз сексуалдығыңа қарамастан, ешқандай да құштарлық сезінбейтін ер адаммен жыныстық қатынасқа түсу – жыныстық зорлықтың бір түрі болып табылады. Оның денсаулыққа және психоэмоционалды жағдайға әкелер залалы зор.

Қоғамда әйелдерге қатысты талаптар мен тыйымдар көп болғандықтан, олар ерлерге қарағанда әлдеқайда осал. Ал бұл гендерлік теңсіздіктің үстінен сексуалды бағдарлықты қоса қарастырғанда, ЛБКТ-әйелдердің жағдайы тіпті мүшкіл екені анық. ЛБКТ-әйелдерді күйеуге беру, оларды ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу арқылы, олардың сексуалды бағдарлығын «түзеу» мүмкін емес. Керісінше, бұл әрекеттер нағыз қорлау мен азаптау болып табылады.

Бұл мақаланы ЛГБТК+ тақырыптарын жарыққа шығарумен айналысатын

Unit әйел журналистер мен құқық қорғаушылар желісі қолдады

Бөлісу:

Назар салып өтіңіз: