Бүгінгі таңда елімізде ЛГБТИК+ адамдарға қарсы қозғалыстың күшейіп келе жатқанын байқауымызға болады. «Қазақстан ата-аналар одағы» тәрізді қоғамдық бірлестіктер өз үндеулерінде өшпенділік тіліне жүгініп қана қоймай, сондай-ақ нақты істерге де шақыруда. Бұл адамның болмысына, өзіндік танымына қарсы бағытталған қастастықтың салдары ЛГБТИК+ адамдардың өміріне елеулі қаупін тигізетіні анық. Әсіресе, ол өзін-өзі енді ғана танып, үлкен өмірге алғашқы қадамдарын бастаған жасөспірімдерге қатты тиетіні де рас. Онсыз да кеңінен таралған бір жынысты құштарлық пен махаббаттан немесе туғанда берілген жынысқа сәйкессіздіктен «емдеуге» бағытталған түрлі амалдардың орын алуы – қазіргі бүкіл әлемде тарап жатқан антигендерлік толқынның аясында одан әрі көбейеді деген қорқыныш туындайды.
Конверсиялық терапия деген не?
«Конверсиялық терапия» кең сипаттағы амал-тәсілдерді қамтитын жалпылама термин, бірақ түпкірінде бұл тәсілдердің көздегені тек бір ғана нәрсе – адам баласының сексуалды бағдарлығын я жыныстық өзін-өзі тануын өзгерту. Яғни, бұндай емге жүгінетін адамдардың ойынша, сексуалды бағдарлық пен гендерлік сәйкестік немесе өзін-өзі тану «дұрыс» бағдарлық пен гендерлік сәйкестікке өзгертіле алады, тіпті өзгертілуі тиіс. Конверсиялық терапиямен білім алған дәрігерлер де, діни өкілдер, тәуіптер мен емшілер, көріпкелдер айналысады. Кей жағдайларда ата-аналар балаларын сырттан көмексіз-ақ «емдей» аламыз деген ойға да келулері мүмкін.
Конверсиялық терапияны жақтаушылар көбінесе сексуалды бағдарлықты, гендерлік сәйкестікті немесе гендерлік өзін-өзі көрсетуді өзгерту әрекетін сексуалды тәуелділік сияқты нақты дертті емдеумен әдейі араластырады. Кейбіреулер өз клиенттеріне ЛГБТИК+ болғаны үшін депрессияға ұшыраған, ал оны шешудің жалғыз амалы – сексуалды бағадарлық пен гендерлік сәйкестікті гетеросексуалдық пен цисгендерлікке жөндеу қажет деп жариялайды.
Гомосексуалдықтан немесе трансгендерліктен айығу мүмкін бе?
Жоқ. Бүгінгі таңдағы бір де бір ғылыми зерттеулер конверсиялық терапияның, яғни біреудің сексуалды бағдарлығын немесе гендерлік өзін-өзі тануын өзгерту бойынша әрекеттердің тиімділігін дәлелдей алған жоқ, тіпті керісінше, бұл амал-тәсілдердің қауіптілігі мен зиянына қатысты үлкен алаңдаушылықтарын білдіреді. Зерттеулердің көрсетуінше, конверсиялық терапия тек қоғамдағы жайлаған гендерлік және сексуалдық таптаурындарды күшейтеді, ал бұл өз кезегінде ЛГБТК+ адамдардың қоғамда толыққанды өмір сүруге үлкен кедергісін келтіреді.
2020 жылдың 1 мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Адам құқықтары кеңесінің 44-отырысында БҰҰ Сексуалды бағдарлық пен гендерлік сәйкестік бойынша Тәуелсіз сарапшысы Виктор Мадригал-Борлос өз баяндамасын конверсиялық терапияға тақырыбына арнайды. Бұл баяндаманы дайындау барысында ол мемлекет өкілдерінен, сондай-ақ жеке адамдар мен азаматтық қоғам өкілдерінен дерек жинап, сондай-ақ өзге де ғылыми зерттеулерге жүгінді. Өз баяндамасында Тәуелсіз сарапшы былай дейді:
«Грек тілінен аударғанда «терапия» термині «емдеу» дегенді білдіреді. Алайда, «конверсиялық терапия» практикасы емделуге мүлдем қарама-қайшы, өйткені ол жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестіліктің жалған медициналық патологиясына сүйенеді және қатты мұң мен қайғы-қасіретті тудыратын және психологиялық және физикалық зиян келтіретін процедураларды қамтиды»
Бұл пікірді өзге де халықаралық ұйымдар мен ғылыми бірлестіктер қолдайды. Мысалы, 2012 жылы Панамерикалық денсаулық қорғау ұйымы конверсиялық терапия еш ғылыми тұрғыдан негізі жоқ, дәлелденбеген тәжірибе екенін, сондай-ақ шын мәнінде бұл терапияға шалдыққан адамдардың денсаулықтарының және құқықтарының бұзылуына әкелетін әдіс деп таниды; ал 2016 жылы Дүниежүзілік психиатриялық ұйым «сексуалды бағдарлықты өзгерту мүмкін деген ешқандай да бір ғылыми дәлел жоқ» деп қорытады.
Неліктен конверсиялық терапия дұрыс емес?
Естеріңізге сала кетсек, гомосексуалдық аурулардың қатарынан алынып тасталғанына осымен елу жылға жақындап қалды (1973 ж), ал трансгендерлі адамдарға беріліп келген «гендерлік дисфория» диагнозы 2019 жылы қабылданған Аурулардың халықаралық жіктемесінің соңғы, он бірінші, нұсқасынан алынып тасталды. Осы орайда, Тәуелсіз сарапшының айтуынша, дәрігерлердің және психологтардың ауру немесе бұзылу болып табылмайтын жағдайларды емдеуі этикалық стандарттарға қайшы болып келеді, және басқа да сарапшылар тобының пайымдауынша нағыз алаяқтықтың бір түрі болып табылады.
Жалпы алғанда, конверсиялық терапияға кіретін тәжірибелерді қарастырсақ, олардың іс жүзінде адам баласын азаптауға жататынын байқауымызға болады. Ең кеңінен таралған әдістердің қатарына физикалық, психологиялық, жыныстық зорлық-зомбылық, электрошок, ота, ешбір дәлелге сүйенбеген жалған психотерапия, қамауға алу, қоғамнан шеттету, діни тұлғалардың қызметіне жүгіну сияқты әдіс-тәсілдер кіреді. Бұндай әрекеттердің салдары әдетте өте қайғылы. Зерттеулердің көрсетуінше, конверсиялық терапияға шалдыққан адамдар кейіннен депрессиядан, зақымсоңы синдромынан (PTSD), өзін-өзіне қол салу, өзін қасақана жарақаттау сияқты психикалық күйзелістерден зардап шегеді. Осыған қоса, конверсиялық терапияның нысаны болып көбінесе буыны қатпаған жасөспірімдер мен балалар екенін ескеруіміз қажет. Қазақстан онсыз да кәмелетке толмағандардың және жастардың арасындағы өзін-өзіне қол салу саны бойынша әлемде алдыңғы қатарларда. Егер де осы статистиканы одан ары толықтырғымыз келмесе, мәселенің бетін бері қаратқымыз келсе, бұндай азаптайтын тәжірибелерді доғаруымыз қажет.
Конверсиялық терапияға жататын барлық әдістер ЛГБТК+ жататын адамдар өзгелерден төмен, олардың болмысы қате, оларды жөндеу керек деген терең кемсітушілік пен жеккөрінішке негізделген. Осы бір ойдың артынан еремін деп, ата-аналар, дәрігерлер, мектептегі мүғалімдер, діни және рухани жетекшілер екінші бір адамның өміріне орны толмайтын зақым келтіретін адам-көргісіз әрекеттер жасайды. Сонда, кімнің сау, кімнің ауру екеніне күмән келеді.